22
май
2024
Қымбатты мектеп бітіруші түлектер!
Құрметті ата-аналар!
Қымбатты мектеп бітіруші түлектер!
Сіздерді оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл күн – өмірлеріңіздің ең маңызды қадамы!
Ұясынан түлеп ұшқан әрқайсыңыздың алға қойған биік мақсаттарыңыз орындалып, үкілі үміттеріңіз ақтала берсін!
Жыл сайын дәстүрлі «25 мамыр – Соңғы қоңырау күні» мерекесі барлық мектеп бітіруші түлектер үшін тойланып келді.
Өздеріңізге белгілі мектеп бітіруші түлектер дәл осы күні ерекше толқыныс пен ата-аналардың қатысуымен барынша кең көлемде іс шаралар ұйымдастырып, қымбат көліктер мен салтанатты тойханалар мен мейрамханаларда той тойлауды үрдіске айналдырғаны белгілі.
Дегенмен, осындай барынша жарқыраған той тойлаудың соңы өкінішке қарай түрлі қайғылы оқиғаларға ұласып жатты...Он екіде бір гүлі ашылмай жол апатына ұшыраған түлектер қазасы жылда кездесіп жатады.
Сондықтан да, Абай Құнанбаев айтқандай, «Бес нәрседен қашық бол, адам болам десеңіз, Өсек, өтірік, мақтаншақ, Ысырап, бекер мал шашпақ...» деген терең философиялық ой түйінін келтірген үлкен сабақ...
Сонымен бірге елімізде осы жылы орын алған су тасқынына байланысты төтенше жағдайға байланысты өңірлердегі құрбыларымыздың көңіліне қарап, біз бірлігіміз бен ынтымағымыз арқылы мейірімділік қасиетін де көрсеткеніміз жөн...
Биылғы оқу жылында осы мерекені ерекше атап өту, креативті форматта ұйымдастыру қолға алынып отыр.
Бір күндік іс-шараны қолдағы барды шашып, дүркіретіп тойлағаннан бөлек, алтын ұя мектептің қабырғасында ыстық естеліктермен бөлісіп, өзгеше форматта өткізу әлдеқайда тиімдірек шығар...
Сіздер Қазақстанның жарқын болашағысыздар! Қалаған мамандықтарыңыздың кәсіби тұлғасына айналып, «сен де бір кірпіш дүниеден, кетігін тауып қалану үшін» өз орындарыңызды тапсаңыздар, ата-ана үшін де, ұстаздарыңыз үшін де зор қуаныш!
Құрметті ата-ана! Әрине, әр ана мен әке үшін өз баласының жаңа өмірге қадам басқаны ең бақытты сәттің бірі.
Балаларымыздың абыройлы, парасатты, салмақты, беделді және адал да әділ, еңбекқор азамат ретінде тұлға болып қалыптасуына бірлесе атсалысайық!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Саналы ұрпағымызбен мың жасайық!
Ізгі ниетпен,
ҚР Оқу ағарту министрлігі
Тәрбие және қосымша білім департаментінің директоры
Меруерт Асқарбекқызы.
https://www.instagram.com/p/C7RFMOZC7Oa/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==